Мерекелер мен ойын-сауықтар
Мерекелер мен ойын-сауықтар.
Ерте жастан бастап бала мерекенің не екенін біледі және олардың көп болғанын қалайды. Өмірдің қуанышты және жарқын сәттеріне ұмтылу адамға тән қасиет болып келеді. Мерекелер адамға тек демалуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сондай-ақ оны мейірімді, жанашыр, жомарт етеді, қиын сәттерде адамға қуаныш сыйлайды. Мерекелер мен сауық-кештер мектеп жасына дейінгі балаларды тұлға ретінде қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Сонымен қатар, балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын оятады, ұжыммен әрекет ету қабілетін дамытады, қоғамдағы мінез-құлық тәжірибесін жинақтауға, бастамашылдық пен дербестік танытуға ықпал етеді. Мерекелерге қатысу, әсем безендірілген үй-жайлар, жағымды эмоциялар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мерекелердің, сауық - кештердің тәрбиелік, танымдық, эстетикалық әсері өте маңызды, сондықтан оларды дайындауға және өткізуге немқұрайлы қарауға және балалардың зерігуіне жол берілмеуі тиіс. Мерекелер – балабақшаны танытудың негізгі құралы. Мерекелер мен сауық-кештердің барысында балалардың даму деңгейі байқалады, олардың не үйренгенін, балабақшада өзін қаншалықты жайлы сезінетінін көруге болады. Әрбір мерекенің, сауық-кештің әр балаға жетуі тиіс белгілі бір мағынасы болады. Бұл мағына мерекенің мазмұны арқылы берілуі тиіс, мазмұнды ашуда әндер, өлеңдер, музыка, билер, қойылымдар мен көркем безендірулер қажет. Мерекелерді, сауық-кештерді ұйымдастыру арқылы балаларды мәдениетке баулуға, олардың шығармашылық даралығын дамытуға және тұлғаның оң «Мен» тұжырымдамасын қалыптастыруға жағдай жасалуы тиіс. Мерекелер мен сауық-кештер мектепке дейінгі ұйымда өткізілетін тәрбиелеу-білім беру процесінің құрамдас бөлігі. Олар тәрбиеленушінің жеке басының қалыптасуына ықпал етеді, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді, педагогикалық жұмыстың белгілі бір нәтижесін көрсетеді. Жақсы ұйымдастырылған мерекелер психикалық процестердің дамуына: есте сақтау мен зейінді, баланың сөйлеуін дамытуға жағдай жасайды, ұйымдастырылған оқу қызметінде алған білімдерін кеңейтуге, адамгершілікке тәрбиелеуге ықпал етеді. Балабақшадағы мерекелер тек көңіл көтеру шарасы ғана емес, сонымен қатар ауқымды, күрделі дайындық жұмыстарын қамтиды. Әдістемелік ұсынымдардың мақсаты - мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне балабақшадағы мерекелер мен сауық-кештерді ұйымдастыруда және өткізуде әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
МЕРЕКЕЛЕР МЕН САУЫҚ-КЕШТЕРДІҢ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде мерекелер ерекше орын алады, олардың негізгі мақсаттарының бірі - тұлғаны дамытудың маңызды шарты болып табылатын әртүрлі эмоциялар мен сезімдерді қалыптастыру. Мерекелер өнер түрлері: музыканы, көркем сөз бен билерді, қойылымдарды, бейнелеу өнерін қамтиды, олар балалардың эстетикалық сезімдерін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан кабылдауын дамытады. Мерекеге дайындық мектеп жасына дейінгі балалардың алдағы мейрамға деген қызығушылығын тудырады; осы қызығушылықтың негізінде олардың моральдық және адамгершілік қасиеттері, көркемдік талғамы қалыптасады. Мейрам қарсаңындағы әрекеттер және қандай да бір мерекені атап өту кезіндегі сәттер тәрбиеленушілер мен педагогтерді жақындастырады, осы арқылы олардың арасында тығыз ынтымақтастық пайда болады. Мерекеге дайындық кезінде бала құрдастарын тек бақылап, тыңдап қана қоймай, педагог оның ойындарға, билерге, қойылымдарға қатысуға деген ұмтылысын қолдап, мерекеге дайындық процесінде белсенділік танытуына ықпал ету керек. Балалар үшін арнайы таңдалған декорациялар, костюмдер мен атрибуттар, билерді, хороводтарды, театрландырылған қойылымдарды сүйемелдеу үшін жазбаларды пайдалану, музыка залының әсем безендірілуі мерекенің қызықты өтуіне әсер етеді. Балаларды (ересек топтардың және мектепалды топтарының балаларына қатысты) мереке қарсаңында музыка залын, топ бөлмелерін безендіруге қатыстыру маңызды, бұл балалардың әлеуметтенуін қамтамасыз етеді, командада жұмыс істеуге дағдыландырады және адамгершілік қасиеттерді меңгеруге, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне баулиды. Мерекелерді ұйымдастыруда оларды өткізу уақытын ескеру қажет. Кіші және ортаңғы топтың балалары тез шаршайды, олар тек шағын өлеңдер мен әндерді қабылдай алады, сондықтан олар үшін мерекенің ұзақтығы 20-30 минуттан аспауы тиіс. Ересек және мектепалды жасындағы балаларға арналған репертуар әлдеқайда бай және алуан түрлі болуы қажет, осыған байланысты мерекелер мен сауық-кештерді өткізу ұзақтығы 45-55 минутқа дейін артады. Мереке балаларға қуаныш сыйлайды, сондықтан әр тәрбиеленушінің оған белсенділікпен қатысуы маңызды. Мектеп жасына дейінгі балаларға таныс әндерді, хороводтарды, билерді бірнеше рет ықыласпен және мәнерлі қайталалау тән болып келеді. Сондықтан мереке мен сауық-кештердің бағдарламасына балаларға таныс материалдың едәуір бөлігін қосып, өзгерістер енгізу керек ( хороводтар, ойындар және т.б. өзгеше безендіру). Мерекеде балалар өздерінің жетістіктерін көрсетеді, олар мерекелерден жаңа әсерлер алады, сонымен қатар, мерекелер балалардың одан әрі дамуына ықпал етеді.
МЕРЕКЕЛЕРДІҢ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ СИПАТТАМАЛАРЫ Әрбір мектепке дейінгі ұйымда мерекелерді атап өту және сауық-кештерді өткізу дәстүрге айналған. Тақырыптық бағыты мен құрылымы бойынша мерекелер үш түрге бөлінеді:
- қоғамдық; - тұрмыстық; - маусымдық. Қоғамдық мерекелер салтанатты түрде өткізіледі. Бұл мерекелер балалардың қолдарына көгілдір жалаушалар, шарлар, гүлдер ұстап, салтанатты марш әуенімен музыка залына кіруімен басталады. Сонымен қатар, Отан, туған жер туралы тақпақтар мен өлеңдер, әндер айтылады. Балалардың өнер көрсетуінде ойындар, билер, әндер алмастырылып отырады, ойындарда балалар ептілік пен тапқырлық таныта отырып, бір-бірімен жарысады. Әр балабақшада мерекелер мен сауық-кештердің сценарийлері әртүрлі және олардың бірнеше қызықты нұсқалары болуы тиіс. Қоғамдық мерекелер:
- 6 шілде — Астана күні;
- 30 тамыз — Конституция күні;
- 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні;
- 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні;
- 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні;
- 7 мамыр — Отан Қорғаушылар күні;
- 9 мамыр — Жеңіс күні;
- 1 маусым – Балаларды қорғау күні. Тұрмыстық мерекелер қоғамдық мерекелерден балалардың өмірімен байланысты тақырыптары, көркем безендірілуі және құрылымы бойынша ерекшеленеді. Тұрмыстық мерекелер:
- Жаңа жыл мерекесі;
- Наурыз мерекесі;
- Балаларды мектепке шығарып салу мерекесі. Маусымдық мерекелер мен сауық-кештерді таза ауада және үй-жайларда өткізуге болады, мұның барлығы мереке тақырыбына, ауа-райының жағдайларына, сондай-ақ мереке өтетін орынды таңдауға әсер ететін көптеген факторларға байланысты. Маусымдық мерекелер жыл мезгілдеріне байланысты өткізіледі. Қысқы мерекелер мен сауық-кештерді өткізуде әдетте көңілді қысқы ойындарды, көктем мезгілінде көктемнің және құстардың келуімен байланысты өлеңдер мен әндерді, күз мезгілінде табиғатта болатын өзгерістерді: жапырақтардың түсуін, көкөністер мен жемістердің, егіннің пісуін ескерген абзал. Осы мерекелердің көңіл-күйін жеткізетін музыкалық шығармалар көңілді, салтанатты, қуанышты, жылдам және баяу, яғни алуан түрлі болуы қажет. Маусымдық мерекелерді тәрбиелік мақсаттары мен материалдың мазмұнына байланысты сауық - кештер түрінде өткізуге болады. Жазғы мерекелер мен сауық-кештерді ауа-райының жағдайларына байланысты көбінесе далада, балабақшаның ойын алаңында өткізуге болады, оларды әдетте ертегі қойылымымен аяқталатын концерт түрінде өткізу ұсынылады. Ойын алаңын түрлі-түсті, ашық түсті ленталармен, шарлармен, гүлдермен және т. б. безендіріледі. Алтын күз мерекесі. Музыка залы сары жапырақтармен, көкөністер мен жемістердің суреттерімен безендіріледі. Бұл оқу жылындағы алғашқы мереке болғандықтан, оның негізін ойындар құрауы мүмкін. Қыс мезгілінде мерекелер мен сауық-кештерді ауа-райына байланысты таза ауада немесе спорт және музыка залында өткізуге болады. Егер мерекелер таза ауада ойын алаңында өткізілсе, балалар тоңып қалмауы үшін көбірек қимылды ойындар ұйымдастыруға болады. Ойын алаңын ата-аналардың қатысуымен алдын-ала дайындалған қардан жасалған пішіндермен безендіруге болады. Көктем мерекелері музыка залында өтеді, онда балалар қысты шығарып салып, көктемді қарсы алады. Зал гүлдермен, шарлармен және т.б. безендіріледі. Балалар ән, өлең айтады, ойын ойнайды. Тәрбиеленушілерге «Жыл мезгілдері» альбомдарын қарастыру, салыстыру ұсынылады. Маусымдық мерекелер: - Көрікті көктем келді! - Жайдарлы жаз! - Алтын күз! - Қыс қызығы! Ата-аналар әдетте мерекелерге шақырылады. Мерекелер мен сауық-кештердің алдында тәрбиеші немесе музыка жетекшісі ата-аналармен жеке және топтық консультациялар өткізеді. Егер қандай да бір себептерге байланысты ата-аналармен консультациялар өткізілмеген жағдайда олар өз ұсыныстарын жазбаша түрде баяндап, ата-аналарға арналған бұрышта қалдыра алады. Сондай-ақ, балабақшаның фойесіндегі жалпы хабарландыру тақтасына мерекелік хабарландыру ілінеді. Хабарландыруда мерекенің атауы, әрбір топта өткізілетін күні мен уақыты көрсетіледі. Балабақшада мерекелерді ұйымдастыру және өткізу – бұл тәрбиешілердің ата-аналардың алдында атқарылған жұмыстары туралы есеп беруі, ертеңгіліктер барысында ата-аналар балаларының балабақшада не үйренгендерін көре алады. Сондай-ақ, ата-аналарға балаларының құрдастарымен, педагогтермен өзара қарым-қатынасын анықтауға, баласының қалыптасқан дағдыларын және үйде жетілдіруді қажет ететін қандай да бір әрекеттерін байқауға, баланың ұжымдағы мінез-құлқын ( көпшіл, ұялшақ, тәртібі яғни, өзін ұстай білуі) бағалауға мүмкіндік береді.
БАЛАБАҚШАДА МЕРЕКЕЛЕРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША ҰСЫНЫМДАР Балабақшада мерекеге дайындық және оны өткізу тәрбиешілердің, музыка жетекшісінің және басқа қызметкерлердің балалармен бірлескен әрекетін талап ететін ауқымды, күрделі жұмыс. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін барлығы мерекеге дайындықтың кезеңдерін ретімен іске асырып, бір жоспарға сәйкес жүйелі түрде әрекет етуі керек. Мерекені өткізу үшін алдын ала сценарий құрылып, әдістемелік кеңесте оны педагогикалық ұжыммен талқылау қажет, мектепке дейінгі ұйымның жағдайларын, жас тобындағы балалардың ерекшеліктерін ескере отырып, сценарийге түзетулер енгізуге болады. Мереке балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылуы және олардың қызығушылық танытуы, әр баланың оған қатысудан жағымды әсер алуы маңызды болып табылады. Мерекенің дайындық жұмыстарына балабақшаның барлық педагогикалық ұжымы қатысады, музыка жетекшісі мен жас тобының тәрбиешілері жауапты болады. Балалар үйренген музыкалық репертуардан олар анық және мәнерлі орындайтын әндерді, тақпақтар мен билерді, қойылымдарды белгілі бір ретпен сценариийдің құрылымына енгізу ұсынылады. Таңдалған репертуар (әндер, билер, сахналық қойылымдар) қолданыстағы бағдарламаның талаптарына сәйкес келуі және оны таңдауда педагогикалық мақсат пен тәрбиелік міндеттер ескерілуі қажет. Репертуарды таңдау кезінде әр тәрбиеленушінің және жалпы топтың жас және жеке мүмкіндіктері ескеріліп, балалардың күрделі шығармаларды орындамауын, мереке балалар үшін өткізілетіндіктен олар белсенді қатысушылар болып табылатынын естен шығармаған жөн. Мерекеде қолданылатын шығармалар балаларға қызықты және түсінікті болуы, әндерді таңдауда мерекенің бағытын ескеру қажет. Қазіргі кезде композиторлардың балаларға арналған көптеген шығармалары бар, бірақ ол әндердің музыкалық құрылымы кейде балаларға түсінікті бола бермейді. Сондықтан балалар орындай алатындай музыкалық құрылымы бойынша қарапайым әндерді таңдау керек, олардың саны мерекенің сценарийіне байланысты болады. Мерекелерде қойылымдарды сахналау тәрбиеленушілердің диалогтік, монологтік сөйлеуін дамытуға, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін жетілдіруге т. б. ықпал етеді. Сахналық қойылымдар үшін материалды таңдағанда балалардың жас және жеке қабілеттерінің ескерілуіне, сондай-ақ олардың өмірлік тәжірибесін байытуға, білім алуға деген қызығушылығын тудыруға, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға назар аудару керек. Сахналық қойылымдарда қатыгездік, дөрекілік пен зорлық-зомбылық көрсетілмеуі, қойылымдардың сюжеті балалар үшін қызықты болуы тиіс. Мерекелер мен сауық-кештерде аудиожазбаларды қолдануға болады. Жазбалар көбінесе сапасыз болатындықтан фонограмманы көп қолдану балалардың есту қабілетінің қалыптасуына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Ойындар мен билерге ерекше назар аудару керек. Балалар үшін аналары, әкелері, отбасы мүшелері қатысатын жарыс түріндегі ойындар өте қызықты болып келеді. Ойындарды қолдана отырып, олар сценарийдің бөлігі болып табылатынын және мерекенің мазмұнымен үйлесуі керек екенін есте сақтаған жөн. Мереке күндері балабақшаның үй-жайларын безендірудің маңызы зор. Залды безендіру топты безендіруге қарағанда өзінің салтанатымен ерекшеленуі тиіс. Мереке қарсаңында балабақшаның үй-жайларын безендіруде мынадай талаптарды: - құрал-жабдықтардың, бұйымдардың балалар өміріне қауіпсіз болуын; - үй-жайларды безендіру мерекенің мазмұнына сәйкес келуі және балаларға түсінікті болуы керек; - балалардың көңіл-күйін көтеруді, алдағы мерекеге қызығушылық тудыруды ескерген жөн. Билерді, ансамбльдерде және балалар музыкалық аспаптарының оркестрінде ойнауды жеке немесе шағын топпен күннің екінші жартысында үйретуге болады. Жүргізушіні таңдауға ерекше назар аудару керек. Жүргізуші бағдарламадағы (сценарийдің) әрекеттердің (өлеңдер, әндер, билер, ойындар мен қойылымдар және т.б.) ретін біліп қана қоймай, балалармен және қонақтармен (ата-анлармен және т.б.) еркін сөйлесе білуі қажет, сонымен қатар ертеңгілік кезінде кенеттен келеңсіз жағдайлар орын алып жатса, тапқырлық танытып, сол жағдайдан шыға білуі керек. Осыған байланысты жүргізуші рөліне музыкалық қабілеті, актерлік шеберлігі бар, көпшілік алдында өзін еркін ұстай алатын, анық, мәнерлі сөйлей білетін педагогті ұсынуға болады. Балабақша қызметкерлерін кейіпкерлердің рөлдерін сомдауға тарту, оларға сахнада өзін ұстай білуін және сөйлеу мәнерінің дұрыс болуын айту, тапсырмаларды алдын-ала бөліп беріп (кейіпкерлердің костюмдерін, атрибуттарды дайындау және т.б.), олардың орындалу мерзімдерін анықтау маңызды болып табылады. Бұл залды безендіру жұмысын ұйымдастыруға, балалар мен ересектерге арналған костюмдерді дайындауға, тосын сәттерді әзірлеуге және т. б. септігін тигізеді. Мерекеде өнер көрсетуге, кейіпкерлердің рөлдерін сомдауға кәсіби әртістерді, ата-аналарды, мектеп оқушыларын тартуға болады, оның бәрі сценариийде көрсетілуі тиіс. Музыка жетекшісінің тікелей міндеті музыкалық шығармалардың толық дыбысталуын, олардың көркем орындалуын қамтамасыз ету. Музыка жетекшіcі балаларды мәнерлеп орындауға үйрете отырып, ән айтуда музыканы тыңдауға және билегенде қимылдарды ырғақты орындауға ерекше назар аударуы керек. Мерекелер мен сауық-кештердің бағдарламасының толық нұсқасын балалар білмеуі керек. Алайда, балаларға жалпы хороводты орындау кезінде, билегенде тұратын орындарын көрсету және қайтадан сапқа тұруға көмектесу үшін мерекеден бірнеше күн бұрын балаларды 2-3 шағын топтарға біріктіріп, бір немесе екі ұзақ емес дайындық (10 минутқа дейін) өткізу ұсынылады. Мерекелік ертеңгіліктерді таңертең де, күннің екінші жартысында да өткізуге болады, бірақ балалардың жасына байланысты олардың ұзақтығы 20 минуттан бір сағатқа дейін болуы керек. Мереке өткеннен кейін бірнеше күн бойы музыка залын безендірілген қалпында және залда ойындарға арналған атрибуттарды қалдыруға болады. Балалар сүйікті әндерін, билерді, хороводтарды, ойындарды қайталап орындауды ұнатады, мерекеден алған әсерлерін көрсетіп, өз қабілеттеріне деген сенімдері арта түседі. Сонымен қатар, мерекеден алған әсерлерін сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, көркем әдебиет, сөйлеуді дамыту ұйымдастырылған оқу қызметінде көрсетуге мүмкіндік беру.керек Мереке өткеннен кейін педагогикалық ұжым оның өткізілу барысын талдауы тиіс, жағымды жақтарын атап өтіп, келеңсіз сәттердің себептерін анықтауы және келешекте оларды болдырмау үшін жүргізілетін жұмысты белгілеуі қажет.
СЦЕНАРИЙ ҚҰРУҒА ҰСЫНЫМДАР Мерекенің өткізілуі, залдың безендірілуі жан-жақты ойластырылуы керек. Музыкалық шығармаларды таңдауға, музыкалық сүйемелдеуге назар аудару. Балалардың музыканы қабылдауын ескеру. Жүргізушіні таңдау. Мерекеге барлық балаларды қатыстыру, олар өздерін жайлы сезінуі үшін осы жас тобындағы балалардың жеке мүмкіндіктерін ескеру. Сценарийге жаңа материалды ғана емес, сонымен қатар ойындарда жинақталған музыкалық тәжірибені де қосқан маңызды, бұл мерекеде балалардың өздерін еркін ұстауына әсер етеді. Ойындардың қарқынын, динамикасын ойластыру керек. Сондықтан сценарийді алдын-ала құрастыру қажет. Сценарийді жас тобымен жұмыс істейтін тәрбиешілермен, әдіскермен талқылағаннан кейін бекіту. Әріптестермен мерекенің өткізілуін бірігіп талқылау сценарийдің сапасын арттыруға, материалды жаңа идеялармен байытуға мүмкіндік береді. Сценарий жазылып, түзетулер енгізілгеннен кейін дайындық кезеңі басталады. Балалардың шаршауын болдырмау және мерекеге деген қызығушылығын жоғалтпау үшін ауқымды дайындықтарды бірнеше рет өткізудің қажеті жоқ. Сценарийдің жекелеген бөліктерін көрсету ұсынылады. Бүкіл топпен бір уақытта жұмыс жасағаннан гөрі, балалардың шағын топтарымен және әр баламен жеке жұмыс жасау тиімді болып табылады.
ҚОРЫТЫНДЫ Балалар үшін мерекелер олардың өміріндегі ең жарқын және қуанышты сәттердің бірі болып табылады. Мерекелер мен сауық-кештер балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді, балаға жағымды сезімдер сыйлайды, ұжымда әрекет етуге баулиды, ақыл – ойын дамытады. Бала мерекені тек көңіл көтеру деп қабылдамауы үшін оны жеке тұлға ретінде дамытуға және мерекенің маңызын түсінуіне ықпал ету керек. Мерекелерде балалардың қойылымдарды сахналауы, ән айтуы, би билеуі, тақпақтарды жатқа айтуы шығармашылық қабілеттерін қалыптастыратын басты факторы болып табылады. Ертеңгілікте өнер көрсету бала бойында қызығушылықты туғызады, оны қанаттандырады, қуаныш сезімі, мерекелік көңіл-күй пайда болады. Тақпақтарды жатқа айту баланың сөйлеуін дамытады, құрдастарымен бірге ән салғанда, өлеңнің сөздерін жаттайды, әдемі қимылдарды көрсетеді, басқаларды тыңдап үйренеді, қимылдарды дұрыс орындауға тырысады, яғни осы арқылы есте сақтау, ойлау қабілеттері жетіледі. Бұл іс-шаралардың тағы да бір жағымды жағы- бала күнделікті көріп жүргендерінен бөлек, басқа бір мерекелік безендірілген, ғажайып әлемге әдемі киініп, кейіпкер бейнесіне еніп, тап болғандай сезімде болады. Әрбір мерекеге арналып құрылған сценарий сол мерекенің қоғамдық мәнін, мақсатын мектеп жасына дейінгі балалардың түсінуіне лайықты етіп жеткізгенде ғана олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Мерекелердің барлық түрлері (ән салу, музыка ырғағымен қимылдар жасау, би билеу, музыка аспаптарында ойнау) балаларды музыканы тыңдауға, сүйе білуге баулиды, балалардың қоршаған әлем туралы алған білімдерін кеңейтеді, эстетикалық талғамды дамытады, адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді (мейірімділік танытуға оң көзқарас қалыптастыру, дөрекілік, өзімшілдіктен аулақ болуға тәрбиелеу). Күнтізбедегі мереке күндері өзгеріп отырады, бірақ дәстүрлі мерекелер өзгермейді, уақыт өткен сайын оларға деген қызығушылық артып отырады. Олар мектеп жасына дейінгі балаларға өз халқының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білуге септігін тигізеді