«Ойын арқылы оқыту»
Ойын арқылы оқыту дейміз. Жалпы оқу дегеніміз не?
Балаларды көп салада білім алуға және дамытуға ынталандыру үшін ойынның маңыздылығы көп уақыт бұрын анықталған. Ойын-ерте жастан оқыту мен тәрбиелеудің «жүрегі». Мектеп жасына дейінгі балалар үшін табиғи оқыту әдісі ол- Ойын әдісі.
Ойын арқылы оқыту қандай нәтижелер береді?
- Ойын арқылы оқыту білімнің сандық ұлғаюы ретінде. Оның нәтижесі алынған ақпарат болып табылады (негізгі міндет – «көп білу»).
- Ойын арқылы оқыту есте сақтау ретінде. Нәтиже – қайта өндіруге болатын есте сақталған көлемді ақпарат.
- Ойын арқылы оқыту ақпарат жинақтау ретінде. Нәтиже – есте сақталып, қажет болған жағдайда қолдануға да болатын дерек, дағды және әдістердің айтарлықтай мөлшердегі жиынтығы.
- Ойын арқылы оқыту мағынаны ұғыну және оның мәнін анықтау ретінде. Мұның нәтижесі – баланың ойынның мазмұны мен шынайы өмір арасындағы өзара байланыстарды түсіне білуі.
- Оқу шынайылықты өзгеше түсіну және түсіндіру тәсілі ретінде.
Білім беру ұйымдарында ұйымдастырылатын педагогикалық ойынның маңызды ерекшелігі бар ол - нақты анықталған оқу мақсаты және мазмұнына сәйкес педагогикалық нәтижесі болады. Ойын мен оқытудың өзара байланысы қиялдағы жағдайды жасау арқылы жүзеге асырылады. Балаларға тәлім беруде ойындардың барлық түрлері маңызды.
Ойынның қандай түрі болмасын ол- тіл, мәдениет және технологиялар мен қатар адамзаттың ең жоғарғы жетістіктерінің бірі болып табылады. Ойынды тек сауық-сайран ретінде қарастырып, балаларға толық еркіндік беріп, бетімен жіберу орынсыз. Кез келген ойын балаға оқу барысында немесе балалар мекемесінен тыс өмірлік жағдайларда қажет болатын нақты дағдыларды дамытуға бағытталғаны дұрыс. Сондықтан педагогтер ойынды таңдауға мұқият көңіл бөлгені жөн, өйткені баланың орынды таңдалған ойын арқылы келешектегі оқуында немесе өмірінде пайдалы болатын белгілі бір білік-дағдыларды дамытуына мүмкіндігі болады. Осыған орай балаларды оқытуда ойынның сыртқы сипатын ғана ұқсату емес, шынайы ойынды ұйымдастыру аса маңызды.
Ойын- балаларды әртүрлі іс-қимылдарға, қарым-қатынас тәсілдері мен құралдарына үйрету мақсатында қолданатын ересектер іс-әрекетінің бір түрі. Ойын барысында мектеп жасына дейінгі балалар түрлі әлеуметтік рөлдерді, қоғамдағы тәртіп ережелері мен нормаларын меңгереді.
Балалар ойындарын басқарудың негізгі тәсілдерінің бірі тәрбиешінің олардың ойындарына қатысуы болып табылады. Педагог балалардың өз бетінше еркін ойынына жанама түрде жетекшілік жасай білуі керек. Ол ойынды бақылай отырып, кімнің қай ойынды немесе ойыншықты ойнай алмайтынын, кімнің аз қозғалатынын, ал кімнің, керісінше, тынымсыз екенін байқауы тиіс. Балалардың дербес ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, педагог олардың іс-әрекетін мұқият басқарып отырғаны жөн. Ол балалардың біреуіне жаңа ойыншықпен ойнауды үйренуіне көмектеседі, енді біреуіне бірге доп ойнауды ұсынады, ал тағы біреуіне тыныш отырып ойнайтын ойын тауып бере алады. Әдетте кіші жастағы балалар, әсіресе, бірінші кіші жастағылар тобының балалары жеке ойнағанды жақсы көретінін ескере отырып, тәрбиеші олардың жеке ойнауына мүмкіндік беруі тиіс, сонымен қатар балаларды бірлескен ойынға тартуға ұмтылуы керек. Ойын түрлерін оқыту әдісі ретінде пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Оқытудағы ойын технологиясының басты элементтері: ойынның алдында нақты оқу мақсаты қойылады;
-ойын әрекеттері арқылы нақты педагогикалық нәтижеге қол жеткізіледі; оқу қызметі ойын ережелеріне бағынады;
-оқыту материалдары ойын құралдары болып табылады.
Ұжымдық қызмет түрлерін ұйымдастыруға бағытталған ойын тәсілдері тәрбиеленушілердің құрдастарының пікірін құрметтеуді, ақырғы нәтижелерді болжауды, өздерінің ойын барысында атқаратын іс-әрекетін өз бетінше жоспарлауды, мақсатқа жету әдістерін анықтауды үйренуіне ықпал етеді.
Ойын арқылы бала қоршаған ортаны, әлеуметтік қарым-қатынасты біледі және басқа адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін меңгереді. Ойын эмоционалдық шиеленісті жеңілдетеді және баланы құрдастарымен қарым-қатынас жасауға қызықтырады.
Режимдік сәттерге әртүрлі дидактикалық жаттығуларды, қызықты ойындарды, сюжеттік-рөлдік ойындарды, әлеуметтік бағыттағы серуендерді енгізу балалардың әлеуметтік-коммуникативтік даму үдерісінде бастапқы әлеуметтік дағдыларын табысты орнықтыру және жетілдіру үшін жағдай жасайды. Тәрбиеші балаларды ортақ заттар мен әрекеттермен біріктіретін ойын жағдайын жасайды.
Ойын арқылы оқыту технологиясының негізгі элементтері:
-ойынның алдына нақты оқу мақсаты қойылады
-нақты педагогикалық нәтижеге қол жеткізіледі
-оқу қызметі ойын тәртібіне бағынады
-оқу материалдары ойын құралдары болып табылады.
Тәрбиелеу мен оқытуға арналған ойындарды да үш топқа бөліп қарастыруға болады.
1.Педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін ойын: Педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін ойында педагог ойынға қажетті материалдармен балаларды қамтамасыз етіп, ойынды бастап береді немесе ойынды бағыттау не баланы бағдарлау үшін ойынға қосылады.
Бұл ойынның ерекшеліктері балалар үшін алаңсыз ойнауға жағдай жасалған ойын/оқу ортасын қамтамасыз етеді, бала мұндай ортада басқа балалармен өзара қарым-қатынаста ойынға қажет дағдыларын дамыта алады. Бала ойын ережелеріне сәйкес іс-әрекеттерді ұғынып алған соң, ойынды өз бетінше бастап, басқалардың көмегінсіз өзі аяқтай алатын болады.
2. Құрылымдалған ойын: мектеп жасына дейінгі балаға белгілі бір дағдыларды үйретуге және дамытуға бағытталған ойын түрінде ұйымдастырылатын іс-шара.
Құрылымдалған ойын түрлеріне:
-әртүрлі қимыл-қозғалыс ойындары мен жаттығулар (секіру, өрмлеу) суды, құмды, саз балшықты пайдаланатын ойындар, арт-терапия түріндегі ойындар (саусақпен, қылқаламмен, пастель бояулармен, түрлі түсті қарындаштармен сурет салу)
Құрылымдалған ойында қолдануға болатын материалдарға су, құм, саз, ермексаз бала бұлардың көмегімен өзінің ой-сезімдерін білдіре алады.
Бұл материалдар сондай-ақ сублимацияның дамуына ықпал етеді. Атап айтқанда, құрылымдалған материалмен жұмыс істеуге арналған сабақ ойын терапиясының ерте кезеңдерінде, баланың сезімдері әлі қалыптасып және саналы түрде сезінгенге дейін ерекше маңызды. Балалардың сумен, бояулармен, сазбен ойнауы олардың өз сезімдерін білдіруіне және белгілі бір нәтижеге, жетістікке жету сезімін сезінуге мүмкіндік береді.
3.Еркін ойын: Нақты шекаралары мен ережелері жоқ, бала қалағанын жасауға мүмкіндік беріледі. Бұл ойынның маңыздылығы балалардың өзара қарым-қатынасын дамытуымен байланысты. Еркін ойын балалардың талқылау, проблеманы шешу, қақтығыстардың алдын алу, келісімге келу және т.б. қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырады. Өз бетінше еркін қимылқозғалыс жасау бала дамуының маңызды шарттарының бірі болып табылады, сондықтан балабақша тәрбиешісі бөлмеде де, ауладағы алаңда да балалардың қимыл-қозғалысын жетілдіруге қажетті бос орынның, ойыншықтар санының, құралжабдықтардың жеткілікті болуын қадағалауы тиіс.
Ең күрделі деген материалдардың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса , оны ең кішкентай балалар да түсіне алады. (мысалы ертегі арқылы оқыту)